Алматы қаласында Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оның барысында «Алматы» ӘКК» АҚ-ның Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі тұрғын үйді реновациялау бағдарламасын іске асыру жөніндегі есебі қаралды. «Алматы» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Марат Байдурин мен Басқарма төрағасының орынбасары Закир Бектұрғанов бағдарламаның іске асырылу барысы, ескі тұрғын үйлердің тұрғындарын көшіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, инвесторлармен өзара іс-қимыл, сондай-ақ реновация жобаларын іске асыру тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар туралы ақпарат берді. Бағдарламаның тұрғын үй қорын жаңғыртуға, қалалық инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және заманауи әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған кешенді тәсіл негізінде жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді. Бағдарламаны іске асыру аясында 2025 жылы ескі тұрғын үйлерден 670 меншік иесі қоныс аударды. 2026 жылдың басынан бері тағы 432 меншік иесі жаңа баспанамен қамтамасыз етілді.
«Алматы» ӘКК» АҚ реновация қарқынын жеделдету мақсатында инвесторларды тарту, бағдарламаны іске асыру тетіктерін жетілдіру және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын жалғастыруда. Отырыс барысында Қоғамдық кеңес мүшелері мен онлайн форматта қатысқан қала тұрғындары «Алматы» ӘКК» АҚ өкілдеріне бағдарламаның іске асырылуына қатысты сұрақтарын қойды. Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес ұсынылған есепті қабылдап, реновация бағдарламасын одан әрі іске асыру жұмыстарын қолдады. «Алматы» ӘКК» АҚ бекітілген жоспарлар мен тапсырмаларға сәйкес бағдарламаны іске асыруды жалғастырып, оның тиімділігін арттыруға және қала тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға ерекше назар аударатын болады.